Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық жұмысы да осы Ырғыз жерімен байланысты. Осында Ы.Алтынсариннің ықпалымен 1879 жылы екі кластық орыс-қазақ училищесі ашылған. Ал Ыбыраймен бір көзқараста, ниеттес болған Шаһмұрат Құлыбеков — Орынбор қаласындағы шекара комиссиясы жанынан ашылған орысша мектепті 1857 жылы бітірген жиырма қазақ баласының бірі. Сол жиырманың ішінен үздік оқығаны үшін губернатор Катениннің бұйрығымен бес балаға зауряд-хорунжий атағы берілген. Бес баланың қатарында Ыбырай Алтынсарин мен Шаһмұрат Құлыбеков болған. Шаһмұраттың ұйымдастыруымен 1864 жылы 25 қазанда Ырғызда тұңғыш бастауыш қазақ мектебі ашылды. Бұл білім ұясы Ақтөбе аймағындағы тұңғыш мектеп деуге болады.
Бұл мектептерден өңірдің елге тұлға болған мықты азаматтары білім алды. Олардың ішінде Ахмет және Мұхамедияр Тұңғашиндар Варшава университетін, қазақтың тұңғыш теміржолшыларының бірі болған Төлепберген Серғалиев Петербургтегі І Александр атындағы теміржол инженерлері институтын бітіріп, мамандықтары бойынша білім алған. Ұзақбай Құлымбетов, Бәймен Алмановтар мемлекет, қоғам қайраткері деңгейіне дейін көтерілсе, Бөлебай Сарбатыров өзі бітірген училищеде ұзақ жыл ұстаз, Теңізбай Баймурзин Қазақстан Республикасының әскери комиссары болып істеді.
Ырғыз топырағынан шыққан алаштың ардақты азаматтарының есімдері әрдайым мақтанышпен аталады. Қазақ халқының тұңғыш дәрігерлерінің бірі Мұхаметжан Қарабаев байтақ даладағы алғашқы аурухананы Ырғызда ашып, осында он жылдан астам қызмет жасаған.
Өңір тарихы талай сырды бойында бүгіп жатыр. 1867 жылдан бастап 1869 жылы тарқатылғанға дейін Орынбор облысы қазақтарының батыс бөлігін басқарушы сұлтаны (Адай елінің сұлтан правителі) болған Әбілқайыр ұрпақтарының бірі Әлмұхамед Сейдалин Статский кеңесші шенін алып, 4-дәрежелі әулие Владимир орденінің иегері болған. Атақты Мұхиттың «Зәуреш» әніндегі Зәуреш осы кісінің бірінші жамағаты екен. Тарих деректері Әлмұхамедтің де, оның зайыбы Зәурештің де Ырғыздың іргесіндегі «Зират» аталатын қорымда мәңгілік демалып жатқанын баяндайды.
Бұл өлкеде Амангелді Иманов бастаған 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі өткені тарих беттерінен белгілі.
Әліби Жангелдиннің революциялық істері Ырғыз өңірінде жалғасын тапқан. Дала өлкесінің төтенше комиссары осында 1919 жылы Ырғыз эскадронын ұйымдастырған.
Ырғыз топырағында Ұзақбай Құлымбетов, Темірбек Жүргенов, Телжан Шонанов, Тел Жаманмұрынов, Бәймен Алманов және басқа да республика көлемінде танымал болған мемлекет қайраткерлері дүниеге келген.
Ырғыз — халқымыздың ұлы ойшылы Абай Құнанбаевтың арғы атасы Ырғызбай туған мекен. Өңірдің ежелгі тарихы талай кітаптарға арқау боларлықтай. Жөкей сияқты жыраулар, Мазы Бұзаубайдай ұтқыр сөздің иесі, шежіреге аңыз болған Мәні әулие, сардар дана Жаныс, байлығына көсемдігі жарасқан Байғабыл, ұлт-азаттық қозғалыстың басшысы Тайшым Орысұлы тәрізді елге белгілі есімдер Ырғыздың киелі жерімен сабақтас жатыр.
Биыл ауданның төл басылымы «Ырғыз» газетіне де 85 жыл толатынын айта кету жөн болар. Әр жылдарда «Шаруа тілі», «Колхозшы», «Ленин туы» аталған аудан айнасы 1965 жылдан «Ырғыз» деген атаумен таралып келеді.
Тәуелсіз елімізбен бірге жыл сайын ілгері дамып келе жатқан Ырғыздың болашағы кемел деп білеміз.