• Ырғыз-170 жыл
Біз Ырғызданбыз!
Ырғыз ауданының тарихы әріде жатыр. Мұрағат деректеріне сүйенсек, 1731 жылы 10 қазанда Кіші жүздің ханы Әбілқайыр 27 рубасымен бірге Ресейге одақ болуға адалдықтарын білдіріп, аудан орталығынан 25 шақырым жерде (Малтөбе) Ресей мемлекетімен достық келісімге қол қойған.
Ырғыз (алғашқыда Орал бекінісі) бекінісінің іргетасы 1845 жылы қаланған. Биыл осы бекіністің іргесі қаланғанына 170 жыл толады. Ырғызда 1879 жылы Ы.Алтынсариннің ықпалымен екі кластық орыс-қазақ училищесі ашылған. 1887 жылы қазақ даласындағы тұңғыш қазақ қыздары училищесі оқушылар қабылдай бастаған. Оған қоса үкімет басқарған Ұзақбай Құлымбетов, оқу-ағарту министрі Темірбек Жүргенов тәрізді мемлекет қайраткерлері Ырғызда өмірге келіп, алмағайып кезеңде ұлт мүддесіне риясыз қызмет еткен. Қазақ хандығының 550 жылдық тарихынан ойып орын алған Әбілқайыр хан кешені, өзінің кесенесі, үш жүздің басы біріккенін бейнелейтін 25 метрлік монумент, тікұшақ қонатын алаң (Хан моласында) салынып жатыр. Облыстық тарих-өлкетану мұражайының маманы, тарихшы, зерттеуші Бекарыстан Мырзабаевтың айтуынша, Толыбай елді мекенінен Әбілқайыр хан мұражайы ашылуға тиіс.
Мұның бәрі шынайы тарих. Әрқайсысын мәртебелеп, құрметтеп, тарихи сананы жаңғыртып, жастардың есіне салып отыру бүгінгі күннің міндеті.
… Мен қай жерде жүрсем де, бәрін «Тәуіп кеңшарымен салыстырамын. Алғашқы директоры Тәуекел Байдәулетовтың бейнесі әлі есімде. Сәлетбай Кәдірбаев, Арыстан Рахметов, кластастарым Жоламан Сәрсенов пен Мырзалы Өтемұратов сияқты директорлардың әрқайсысы өз іздерін қалдырып, адамдармен жұмыс істей білді. Ауылымның адамдарын алғашқы ғарышкерлер сияқты нөмірлеп атаймын. Мәселен, тұңғыш шофер Бижақып, тұңғыш «К-700»-ші Орынбай, Марат. Тұңғыш «управ» Нұғыманның Жаңа дәуірден 18 отбасын көшіріп әкелгені де ұмытылған жоқ. Одан кейін ферма басқарған Орынжайдың өміржолы бір кітап. Полешук, Трес, Өмірзақ сияқты мамандар, кеңсе қызметкерлері Бекет, Қайырхан, Хамза, Төлеп бәрі-бәрі Тәуіптің шаңырағын әр кезеңде көтерісті. Ауылымның әрбір адамы бір төбе. Көркем кітапқа — бейнелі кейіпкер. Мысалы, ел ортасында өмір кешкен Төлепбайдың «Ақ Тәуіптей жер бар ма, Төлепбайдай ер бар ма?» деген сөздері жүрегімде жатталып қалды.
Мемлекет басшысы Тәуелсіздіктің елең-алаңында жастарға шаштараз мамандығын меңгеру жөнінде кеңес берген еді. Таптырмайтын, көштен қалдырмайтын әлемдік мамандық екен. Оған мысал көп. Ырғыз елі — өнер қонған ел, басшы да, қосшы да өлең жазып, ән шығарады. «Өлең қазақ даласының үстімен жер бауырлап өткен» деген сөз бар. Мен ойлаймын, сол өлең Ырғызға бір түнеп кеткен шығар деп…
Ырғыз көп уақытқа дейін дамымай қалған, шалғайдағы мекен болып есептеліп келді. Әнебір жылдары шалғайдағы «Нұра» кеңшарының орталығында екі қабат мектеп салынып, таңғажайып оқиға ретінде есте қалды. Қазір ондай алты-жеті мектеп бар.
Бұрын жолы бір күндік Ырғызға, бүгінде төрт-бес сағатта зуылдатып, жолай шай ішіп барасың. Адам таситын тракторды «Джип» алмастырды. Ырғыздың көшесінде такси жүреді. Енді газ іске қосылады. Қаладағы кейбір азаматтар туған жеріне қайта оралуды ойластырып жүр. Ең шеткі ауыл Жайсаңбайға, Құйылысқа ауызсу құбыры ондаған шақырым жерден тартылып жатыр, көп ұзамай іске қосылады.
Биыл Жайсаңбайға Ырғыз өзенінің суы жетті. Торғайдың суы Нұра өңірін толтырып жатыр.
Тарихшы, зерттеуші Бекарыстан Мырзабаевтың айтуынша, академик Әлкей Марғұлан 1946 жылы Ырғызға келіп, жас ғалымды есімі ұмытылмайтын ұстаз Алдан Жарылғапов Нұра мен Тәуіп ортасындағы, Торғай бойындағы «Тесікарық» жағына апарады. Жетпісінші жылдардың жазында №2 ферма жылқышыларының жайлауы болған мекен. Киік бүкіл табанды сап-сары етіп, жыртылып айырылатын, Торғай өзені теп-тегіс алқаппен арнасы көрінбей ағатын. Осы арадан «Доңызға» қарай су шығарып, егін салған. «Сұңқарқия», «Қос бүйрек» алақандағыдай болып көрінеді.
Ырғыз — табиғаты өзгеше өңір. Туған жер Ырғыз туралы жазылып жатыр. Жазыла бермек. Ақын, қаламы қарымды журналист Рақымжан Өтеміс Ырғыздың әсем табиғатын жеткізе жырлап келеді. «Біз Ырғызданбыз» деген сөздер, «Астанаданбыз», «Алматыданбыз», «Жетісуданбыз», «Абай ауылынанбыз» дегендей әсерге бөлейді.
1996 жылы жаздың аяғына қарай Ырғыздың 150 жылдығы облыстық деңгейде аталып өтті. Әлі ел еңсесі көтеріле қоймаған кез. Нақтылы мерзімнен 1 жыл кейін тойланды. Өңір тарихын, атаулы күндерін көпшіліктің, әсіресе кейінгі ұрпақтың есіне салып отыру алдыңғы буынның парызы. Той әкімге емес, елге қажет. Шәкіртім, Тәуіптегі Қаракөл орта мектебін бітірген аудан әкімі Мирхан Дуанбеков Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтына ешкім жетектемей өзі барып оқуға түсті. Елге сыйлы болған әкесі Қайырхан баласына ешқашан қызмет сұраған жоқ. Мирхан туған жеріне басшы болып он жыл бойы табан аудармай абыройлы қызмет істеп келеді. Астана мен Алматы айналасындағы кейбір елді мекендер ауызсуды тасып ішеді. «Газ тарт» деп айтпайды. Облыс басшылығының қолдауымен Мирханның Ырғызға көгілдір отын мәселесін қолға алғанына 6-7 жыл болды. Амандық болса биылғы желтоқсанда Ырғызда газ құбыры іске қосылады. Демек, аудан тұрғындарының Ырғыз қаласының іргесі қаланғанына 170 жыл толуын мерекелеуге толық құқы бар.
Бұдан 20 жыл бұрынғы Ырғыз бен бүгінгі Ырғыздың арасы жер мен көктей. Тәуелсіздіктің, елдігіміздің нәтижесі бұл.